Туған жер, Отан туралы мақал-мәтелдер

 

Отан елдің анасы,

Ел ердің анасы.

***

Ит - тойған жеріне,

Ер - туған жеріне.

***

Кісі елінде сұлтан болғанша,

Өз еліңде ұлтан бол.

***

Бақа көлін сүйеді,

Бұлдырық шөлін сүйеді,

Ер жігіт елін сүйеді.

***

Опасызда отан жоқ.

***

Өз елім - өлең төсегім.

***

Отансыз адам -

Ормансыз бұлбұл.

***

Құлан қағын қорғайды,

Киік лағын қорғайды.

***

Кісі елінде күркірегенше

Өз еліңде дүркіре.

***

Мал қонысын іздейді,

Ер жігіт туысын іздейді.

***

Есі бүтін елден шықпайды,

Елінің қырын жықпайды.

***

Аққу көлін аңсайды,

Адам туған жерін аңсайды.

***

Ер жігіт елінің ұлы,

Намысының құлы.

***

Ел-елдің бәрі жақсы,

Өз елің бәрінен жақсы.

***

Отан үшін күрес -

Ерге тиген үлес.

***

Іргесі берік елді

Жау ала алмас,

Ауызы бір елді

Дау ала алмас.

***

Сұңқар қиясын сағынады.

Торғай ұясын сағынады.

***

Туған үйдің түтіні жылы,

Туған ананың күтімі жылы.

***

Ұлтарақтай болса да

Ата қонысы жер қымбат.

Ат төбеліндей болса да

Туып өскен ел қымбат.

***

Жат елдің жақсысы болғанша,

Өз еліңнің сақшысы бол.

***

Отанға опасыздық еткенің,

Өз түбіңе жеткенің.

***

Туған жердің торғайы да сүйкімді.

***

Отансыздың оты жанбайды.

***

Отанға опасыздық еткенің

Өмірден қаралы боп өткенің.

***

Отанын сүйген отқа жанбайды,

Суға батпайды.

***

Туған жердің торғайы

Тұрымтайдай көрінер.

Құлыны тайдай көрінер,

Қыздары айдай көрінер.

***

Ата қоныс - алтын мекен.

***

Туған жердің жуасы да тәтті.

***

Отанды сүю -

Отбасынан басталады.

***

Ер жігіт: "Өскен елім, - дейді, -

Кіндік кескен жерім", - дейді.

***

Туған елің болмаса,

Тумай-ақ қойсын күн мен ай.

***

Есі бар жігіт елін табар,

Есі жоқ жігіт жаттың отын жағар.

***

Жат жердің қаршығасынан

Өз жеріңнің қарғасы артық.

***

Тұлпар тегін табар,

Ер жігіт елін табар.

***

Адам елінде

Қоға көлінде көгерер.

***

Бақыр қазан қайнаса -

Бәріміздің бағымыз.

Туған жердің әр тасы

Біздің алтын тағымыз.

***

Өз інінде көртышқан да батыр.

***

Мал екеш мал да

Шөп жеп, су ішкен жеріне тартады.

***

Жат жерде жаның қиналса

Ел қадірін білерсің,

Жұтым суға зар болсаң

Көл қадірін білерсің.

***

Адам отанын іздейді,

Қой қотанын іздейді.

***

Әркімнің өз жері - ұжмақ.

***

Арша өскен жерінде

Адамзат өскен елінде.

***

Ата мекен - анаң екен,

Қысылғанда панаң екен.

***

Құртақандай торғай да,

Өз ұясын қорғайды.

***

Егілмеген жер - жетім,

Елінен айрылған ер - жетім.

***

Туған жердің

Түйе жейтін жапырағы да дәрі,

Түйе аунайтын

Топырағы да дәрі.

***

Тұғырына саңғыған сұңғар оңбас,

Үйірінен айрылған тұлпар оңбас.

***

Туған жердің күні де ыстық,

Күлі де ыстық.

***

Ат үйірін сағынса,

Артқы аяғын қағынар,

Ер үйірін сағынса

Ер-тұрманын тағынар.

***

Туған жер - тұғырың,

Туған ел - қыдырың.

***

Елінен безіп, елсізде өлгеннің

Екі көзін қарға шұқиды.

Дереккөз: Baq.kz



Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз