«Айдың арғы бетінде» не бар? Бірге анықтайық

 TED – ағылшын тіліндегі технология, көңіл көтеру жəне дизайн сөздерінің қысқартылған формасы. Ғылыми ортаны қалыптастырушы жаңа платформа, яғни бұл əдеттегі конференциялардан өзгеше. Ең алғаш рет 1984 жылы Калифорнияда өткен.

Конференцияның басты мақсаты – бірегей идеяларды тарату арқылы өзгелерге де ой салу. TED конференциясының таңдаулы дəрістері ғаламторда кеңінен таралған. Ал талқыланатын тақырыптары – ғылым-білім, мəдениет, əдебиет, кəсіпкерлік, технология жəне ойын-сауық. Мұнда əлемнің ең мықты деген спикерлері өз баяндамаларын ұсынады. Ғылыми-конференциядан ерекшелігі – спикерлерге 18 минут қана уақыт береді. Бұл 18 минут бойы баяндама оқу деген сөз емес. Əр спикер өз ойын  еркін, қатысушылардың жүзіне күлкі сыйлау арқылы немесе белгілі бір эмоцияға жетелеу арқылы баяндауды мақсат етеді. Не үшін десеңіздер, адамдарға ақпаратты тез меңгеру керек. Əр жыл сайын ұйымдастырылатын конференция биыл жетінші жыл өтті. Тақырыбы – «Айдың арғы беті». Ал не себепті «Айдың арғы беті» деп аталуын конференция спикерлері өздері-ақ айтып берсін.

«Мен Моңғолияда туып, киіз үйде өскенмін. 2013 жылы кəмелет жасқа толған соң,   Қазақстанға келіп, Алматыдағы əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механикаматематика факультетіне түстім. Жаңа орта, басқа мəдениет… Мен үшін бастапқы кезде көп нəрсені түсіну қиынға соқты. Бірақ, математиканы түсінетін жолым болды. Мектепте де бір досым болған, екеуміз мүлде басқа тілде сөйлейтінбіз. Бірақ, тақтаның алдында бір-бірімізге математиканы толық түсіндіре алатынбыз. Солай математикадан алған білімім ғылым саласында келгенде өз септігін тигізді. PhD оқып жүргенде, спектрлі геометрия атты математика саласына ұшырастым. Бұл жаңа сала жəне мұнда есептердің қойылуы қарапайым болғанмен, шешілуі өте қиын болып келеді. Осы кезде қатты қиналдым.

Ең қиыны – жақын адамдарыңа не үшін математикамен айналысып жүргеніңді түсіндіру екен. Себебі, менің айналысып жүрген зерттеулерім – іргелі зерттеулер. Оның тікелей көрінісін сіз қоғамда байқай алмайсыз. Осы зерттеулерді сол кезде мен жəне осы салада жүрген мамандар ғана түсіне алатын. Кейде, тіпті, өзімнің де ғылымның кей тұстарын түсінбей қалатын кездерім болған. Газет-журнал, сайттардан ғылыми салада оқып жүрген студенттер депрессияда болады деп оқыдым. Мүмкін мен де сол кезде депрессияда болған шығармын. Бірақ, менің ойымда бір сұрақ болды: «Біздің қоғамда іргелі ғылым не үшін керек?». Содан кейін өзіме «мен не үшін іргелі ғылыммен айналысып жүрмін?» деп сұрақ қойдым. Осы екі сұрақтың жауабын өзім айналысып жүрген спектрлі геометриядан таптым. Иə, қоғамда көптеген адамдар бұл саланы түсіне бермейді. Оларға бұл сала қызықты болмауы мүмкін. Бірақ, мен бұл салаға қызығамын. Осы саланың маманымын деген сенім мені PhD зерттеулерімді аяқтап, постдокторантураны жалғастыруыма себеп болды.

Коллайдер туралы естіген боларсыз. Дүниені дүрліктірген бұл жұмыс ең бірінші математикалық есептен басталды. Айдың арғы беті тəрізді формуланың артында көрер көзге көрінбес сұлулық бар. Іргелі ғылым сонысымен қызық жəне маңызды», – дейді PhD, математик, теоретик-физик, механик, ҚР Ұлттық ғылым академиясының ең жас мүшесі Сұраған Дурвудхан.



 



Ғаламтордан алынған

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз