Африкадағы балалар неліктен тез жетіледі?

Лана Карасик (Lana Karasik) бастаған психолог мамандар тобы 6 мемлекеттің балаларына зерттеу жасаған: Аргентина, Камерун, Италия, Кения, Оңтүстік Корея және АҚШ. Ғалымдар балалардың күнделікті өмірде қалай жетілетіндігіне мән берген. Психологтар зерттеуге әрбір мемлекеттен бес айлық 12 сәбиді алып бақылаған әрі олардың әрбір қимыл-қылықтарын 3 сағат бойы видеотүсірілімге жазып отырған.


Сәбидің алғашқы маңызды дене қимылдарының бірі – құйрығымен жер басып отыруы. Бала отыра алса, өз еркімен ойнап, айналасын бақылай, зерттей алады. Алайда бұл процесс әр мемлекет балаларында әртүрлі уақытта орын алған. Мәселен, АҚШ-та белгілі бір уақытта тек 2 бала ғана өз еркімен отыра алса, Италияда ешқандай бала мұндай қимыл қозғалысын жасай алмаған. Ал Кенияда 8 бала, Камерунда 11 бала (ойлап қараңыз, 12 баланың 11-і) өз еркімен отыра алатындай халге жеткен. Камерундағы балдырғандардың көпшілігі жарты сағат (28 минут) бойы тапжылмай, яғни құлап кетпей отыра алған.

Балалардың әртүрлі жетілуіне олардың ортасы себепкер болған. Мәселен, АҚШ, Оңтүстік Корея, Италия, Аргентинадағы балалар анасының қолында көп уақыт өткізген әрі төсек-жайлары да өте жұмсақ, ыңғайлы болған. Ал Кения мен Камерунның «қара» балалары көп уақытын қара жерде, қара топырақтың үстінде өткізген. Ыңғайлы төсек орын деген атымен жоқ!

«Біз бұған дейін әлемдегі балалардың барлығы бірдей уақытта дамиды, жетіледі деп ойлаған едік. Алайда олай емес екен. Бұл зерттеу көп нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, бес айлық кейбір балалар өз еркімен орындықта отыра алатындығына көзіміз жетті. Бұл – өте қызық құбылыс», – дейді Лана Карасик.

Осындайда әжелеріміздің бала тәрбиесінде қазіргі ғылым мен техника дәуіріндегі бала тәрбиесінен әлдеқайда озық тәжірибені ұстанғанын еріксіз мойындайсың.


Ғаламтордан алынды

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз