Сұлулықтың символы болған...

Шетелге ұят демей-ақ қояйық, шетел біздің эпостар тұрмақ қазақ елі бар екенін енді естіп жатыр».
Ереке қалқам, Баян сұлуды көрген адам жалмауыз болып кетпесе, әлдеқашан сүйегі қурап қалғаны рас. Талғамына, таным-түсінігіне, рухани деңгейіне орай сұлулық жайлы қалыптасқан әркімнің өз образы бар екеніне де таласым жоқ. Алайда қазақ деген халықтың сұлулық жайлы қалыптасқан өзіндік өлшемі бар. Ол оның түпнұсқа болмысымен біте қайнасқан қалпы ежелден еріп келеді. Бұл өлшем жайлы білгің келсе, ғасырлар қойнауынан суырылып жеткен эпостар мен дастандарды, жырларды оқы. Баян сынды арулардың ай бейнесін сол арадан табасың. Оған өрең жетпесе, халық әндерінің сөзіне құлақ түр. Оған да ерінсең, Абай атаңның сұлулықты бейнелеген мына бір өлеңіне көз жүгірт:

«Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.
Жіңішке қара қасы сызып қойған,
Бір жаңа ұқсатамын туған айды.
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, алқызыл бет тіл байлайды.
Аузын ашса, көрінер кірсіз тісі,
Сықылды қолмен тізген, іш қайнайды.
Сөйлесе, сөзі әдепті әм мағыналы,
Күлкісі бейне бұлбұл құс сайрайды.
Жұп-жұмыр, ақ торғындай мойыны бар,
Үлбіреген тамағын күн шалмайды.
Тақтайдай жаурыны бар, иығы тік,
Екі алма кеудесінде қисаймайды.
Сорақы ұзын да емес, қысқа да емес,
Нәзік бел тал шыбықтай бұраңдайды.
Етіндей жас баланың білегі бар,
Әжімсіз ақ саусағы іске ыңғайлы.
Қолаң қара шашы бар жібек талды,
Торғындай толқын ұрып, көз таңдайды».

Ереке бауырым, «Шетел қазақ елі барын енді естіп жатыр» дейсің, мұныңмен келісемін. Бірақ сол сен айтып отырған шетелің ендігі жерде қазақ деген халықтың сұлулық жайлы талғамының тым биікте жатқанын біле жүруі тиіс! Қазақтың нарқасқа жігіттері таңқылдаған таңқы мұрын тәмпік қыздарға көзінің қырын да салмаған. Олардың Абай ақын бейнелегендей нағыз сұлуларды көргенде барып «тілі байланып», «іші қайнаған». Небір дүлдүл ақындар мен батырлар нұр бейнелі сұлулар үшін қолына найза алып, қырғи-қабақ қияметте жан қиған. Қас сұлу дегеннің қандай болатынын сериалға түскен Баян секілділер емес, нағыз халықтық өлшемдегі көркіне ақылы сай арулар ғана білмейтінге білгізіп, танымайтынға таныта алады. Сериалдағы Баянның сұлулығын Абай бейнелеген образға шақтамай-ақ қояйын, әйтпесе «плинтустан төмен» түспек түгіл жеті қабат жер астына түсіп кетіп, қайта шығара алмай жүрерміз. Халық жүрегінен терең орын алған Баян сұлуды гримін сыпырып тастаса, түгі қалмайтын таңқылдаған  қара қызға қор қылуға да ешкімнің құқығы жоқ!
Сұлулық пен махаббат, адамгершілік, батырлық, ерлік, шешендік, ел мен жерге деген сүйіспеншілік жайлы ұрпақ көзқарасын биік өнер туындылары ғана қалыптастыра алады. Жыр-дастандар, эпостар – ұлт руханиятының інжу-маржандары. Оларды көздің қарашығындай қорғау ләзім.


Гүлмәрия БАРМАНБЕКОВА
ғаламтордан алынды

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз