Қазақ халқының ұлттық киімдері - киім үлгілері. Этникалық, экономиялық және климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүрлер бойынша тігіледі. Қазақтарда ішкі, сырттық, сулық, бір киер, сәндік және кейбірінде салтанат-ғұрып киімдері болады. Бір киер киім деп қымбат маталардан әшекейлеп тігілген, той-думандарға, жиындарға барғанда, жат елге сапарға шыққанда киетін сәнді киімдерді атаған.
Қазақ салтында ер жігіт егеске түсерде, соғысқа барарда киімдердің ең жақсы, таңдаулысын киген. Ішкі киімдері: көйлек, дамбал, желетке, кәзекей; сырт киімдерге: шапан, күпі, кеудеше, тон, шидем; сулық киімдерге: шекпен, қаптал шапан, кебенек кенеп, сырттық жатады (қазақ Киім).
Киім мәуітіден, жүн және жібек матадан, киізден, аң терісінен тігіледі. Қазақтар құланның, ақбөкеннің, жолбарыстың, жанаттың, бұлғынның, сусардың, ақ тышқанның терілерін ерекше қымбат бағалайды. Бұл аңдардың терілерінен тондар тігілді. Астарына құнды аң терісі салынған тон - ішік деп аталды.
Осы аң терісіне сәйкес бұлғын ішік, жанат ішік, қасқыр ішік, күзен ішік болып бөлінеді. Ішіктердің сыртын шұға, мәуіті, үш топ барқыт, атлас, көк берен, манат, қырмызы, торғын, ләмбек сияқты бағалы ширақы маталармен тыстаған. Ішіктер кейде әдепті, оқалы, шет-шеті жұрындалған қайырма жағалы болып тігілген.
Іштік киімдер: көйлек, камзол, күртке, шалбар, бешпент, дамбал, жейде.
Сыртқы (өң) киімдер: жағадай шапан, жарғақ, күпі, сырмалы шапан, тайжақы, тон, шапан, шидем, ішік.
Сулық киімдер: аба, кебенек, кенеп, сырттық, шекпен.
Ерлердің бас киімдері: башлық, бөрік, жекей тымақ, далбай, жалбағай, қалпақ, күлпара, малақай, құлақшын, мұрақ, шаяма, тымақ, тақия.
Әйелдердің бас киімдері: бергек, орамал, күндік, жаулық, желек, кимешек, бөрік, қарқара, сәукеле, тақия, шәлі.
Аяқ киімдер: кебіс, көк етік, мәсі, мықшима, саптама етік, шоңқайма.
Дереккөз: http://tarmpi-innovation.kz