ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ, БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ

Сарсенбаева Даметкен Абылаевна

Маңғыстау облысы,Мұнайлы ауданы

№3 жалпы білім беру мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі

 

“Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, келешекте оның өміріне опат әкеледі, адамға ең бірінші керегі тәрбие”-деп әл-Фараби айтқандай, тәрбие-жеке тұлғаның қалыптасуының ең басты факторы. Тәрбие мәселесі тұлғаның қалыптасу барысын сипаттайтын педагогика ғылымдарының көкейкесті мәселесінің бірі. Қазіргі тәрбие мазмұны ғасырлар бойы қалыптасып, белгілі бір тарихи кезеңде қоғамдық сананың даму ерекшеліктеріне, идеялық және құндылық ұстанымдарға байланысты жетіліп отырады.

“Бала тәрбиесі-мемлекеттің маңызды міндеті” деген Платоннан келе жатқан қанатты сөз тәрбие жүйесінің негізгі қағидасы. Өйткені ұрпақ тағдыры-ұлт тағдыры. Тәрбие-халықтың ғасырлай бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыру. Тәрбиенің түпқазығы ғибратты, ғұмырлы, ғасыр бойы бойымызға салт-дәстүрмен берілген ұлттық педагогика болып табылады.

Ұлттық сапаның өсіп, мәдени және рухани дәстүрлердің, тілдің қайта жаңғырған кезінде бүлдіршіндерге өз халқының рухани құндылықтарымен, ұлттық мәдениетімен, салт-дәстүрімен түбегейлі, неғұрлым терең таныстыру қажеттілігі туралы, яғни өткен мен бүгіннің және келешектің арасындағы рухани байланыс біріктіруші элемент болуы тиіс, бұларды жеткізуші-тәрбиешілер. Әрбір ұлт “өсуі” қажет, яғни ұлттық білім алудың, ана тілін, әдебиеті мен өнерін оқытуды ұйымдастыруға арналған инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысудың, тұтас алғанда тәрбиеленушілердің  өз ұлтының мәдениетіне араласуының қажеттілігін ұғынуы тиіс.

Халқымыздың әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, ілтипаттылық, қонақжайлылық сияқты абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл парасатына азық ете білу үшін, әрбір тәрбиеші халық педагогикасын: сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең біліп, тебірене іс-қимыл жасауға тиіс. Ұстаз ұлттық мәдениет үрдістерін өркениетті өмірмен байланыстырып, тәлім-тәрбиеге пайдалана білуге міндетті.

Әрбір халықтың рухани азығының қайнар бұлағы оның халықтық педагогикасы мен ұлттық салт-дәстүрлері болып табылады. Тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтап, әсіресе, жан азығына басым көңіл бөлген халқымыз өміртануды діттеп, оның философиялық заңдылықтарын терең ұғынған. Жан азығынан мақұрым қалған адамның адамдық қасиеті жойылып кететінін ертеден ұғынған халқымыз жан азығын, ең әуелі, нәрестеге бесік жыры арқылы әуезді әуенмен беруден бастайды. Одан соң жас балдырған жеке сөздерді ұғына бастағанда-ақ, оған жақсы мен жаманды ажыратып түсіндіреді. Ол үшін тақпақ, санамақ, жаңылтпаш, жұмбақ, мазақтама, мақал-мәтел үйретіп, баланың тілін ширатып, ойын дамытады.

Бүгінгі таңда жастарға ұлттық тәрбие беру өзекті мәселелерге айналуда. Себебі, еліміздің өркениеті мен экономикасын тұрақтандыру, патриоттық сезімін арттыру жолында ұлттық тәрбие көздерімен сусындату қажеттігі туындап отыр.

Осы орайда аталмыш мәселені шешудің бірден-бір жолы-ұлттық құндылықтарымыздың кең қазынасын бүлдіршіндердің бойына адами, қазақи қасиеттерді сіңіру, ұлтжанды, ізгілікті, иманды, адамгершілігі мол тұлғаны қалыптастыру.

Жаңа заман, жаңа талап. Жаңа көзқарас. Десекте, жас ұрпақ тәрбиесі бір сәт босаңсуды, бейқамдықты көтермейтін тіршілік-тынысымыздың аса өзекті тетігі болғандықтан ешқашан күн тәртібінен түскен емес. “Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар опат болады”- депті көне Шығыс даналары. Осы салыстырудың өзі-ақ баланың шын мәніндегі толық Адам болып қалыптасуы қыруар тер төгуді, ауқымы кең, жауапкершілігі мол еңбекті қажет ететінін ұқтырса керек.  Адамзаттың мәңгілік парызы, өмір-тіршілік жалғастығының мұрат-мүддесі болып табылатын-бала тәрбиесінің қыры мен сыры жайлы бұрынды-соңғы аз айтылып, кем жазылған жоқ. Қазір ғалымдардың дәлелдеуі бойынша сәби жарық дүниеге келмей тұрып, ана жүрегінің астында жатқан кезінен тәрбиені қабылдайды екен. Басқаны қайдам, біздің қазаққа бұл жаңалық та, таңсық та емес. Олай дейтінім, докторлық, кандидаттық атақтан ауылы алыс, жазу-сызумен айналыспаған қарапайым әжелеріміз бүгінгі ғылымға азық-боларлық, талай кітапқа беломыртқа болатын үлгі-өнеге, жөн-жобаны қалдырған. Олар ұрпақ тәрбиесін, перзент қамын іште жатқан шағынан бастау керектігін табиғи сезімталдықпен ұққан, өмір тәжірибесі арқылы бұлтартпай болжаған. “Іштен қыңыр туғанды тезге салсаң түзелмес” деген көне сөздің қос қыртысты астары тәлім-тәрбие үлгісі тым ертеден басталатынын анық ұқтырып тұр ғой.

Қорытындылай келе, сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы  болашақ ұрпақтардың бойына дарыту керек. Мәселен мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда ақыл – ой тәрбиесі, өлең, жыр-дастандарда әсемдік тәрбиесінің негізгі принциптері, ал ертегілер халықтық әрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәсілдік материал ретінде пайдалансақ деймін.Демек, халықтың педагогика– тәлім-тәрбиелік ой- пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы. Бұл жердегі еске алатын негізгі жайт осындай халықтың мұралардың бәрі бірдей кәдеге жарай бермейді, олардың озығымен қатар тозығы да бар. Ең негізгі мәселе – бұларды бүгінгі күннің талап-тілегімен байланыстыра пайдалана білу болмақ. Ахмет Байтұрсыновтың  «Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шығады?» Бұл ойдың түйіні өте тереңде жатыр, әрине. Сондықтан, келешек ұрпақ алдында қарыздар болмас үшін, бүгінгі күні босаңсып кеткен тәрбиені тез арада жолға қоймасақ, ертең кеш болуы әбден ықтимал.

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз