БІР ӨЛЕҢІ-БІР ЕЛДІҢ МҰРАСЫНДАЙ

БІР ӨЛЕҢІ-БІР ЕЛДІҢ МҰРАСЫНДАЙ

Санан Орынбасар

Павлодар обл, Тереңкөл ауд, Жанабет ауылы

 Тілеубай жббнм КММ Қазақ тілі пәнінің мұғалімі

 

ХХ ғасырда жазылған ақиық ақынның мұрасы ХХІ ғасырда ескірген жоқ. Қайта жаңа ғұмырын бастағандай. Өзі де: «Мен жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының құрдасымын», деп айтып кетпеп пе еді?! Иә, солай. Солай екеніне күллі қазақстандықтар көз жеткізді. 

Дархан көңілді қазақтың тарихында талайды тамсандырған ақындар көп болған ғой. Десе де, қазақ поэзиясында қара өлеңді өрнектеген бірегей ақын Мұқағали Мақатаевтың есімін солардың ішінен біз бөле жарып айтамыз. Мұқағали даланың даналығын сезінген дара талант. Оған ешкімнің де күмәні болмауы тиіс. Өйткені, «Мен дауылдың ұлымын, Тұра алмаймын дауылсыз» деп қайсар рухты Қасым ақын айтқандай, оның отты жырларынан дауылпаздың үні аңғарылады. Туындылары жұдырықтай жүректі дүр сілкіндіріп, алас-күлес күй кештіретін ақын қазақтың аңқылдақ менталитеті мен сенгіш көңілін, балажандылығын, жүрегінің нәзіктігін суреттейді. Оған дәлел,  «Аққулар ұйықтағанда» поэмасы. Сондықтан да ол – Мұқағали болып тарихта қалды. Бір сөзбен айтқанда, Мақатаевтың туындылары ақыл айтпайды, дидактика жоқ, сөйте тұра адамды ізгілікке тәрбиелейді…

Мұқағали Мақатаевтың «Фаризаға» атты өлеңін оқысаңыз, жүректі әлдебір тылсым күш билеп алып, жанарыңызға жас үйіріле берері сөзсіз. Иә, бұл жырды ешкім бөгет болмайтын жерде, оңашада, жан баласы жаныңа жуықтамайтын тұста оқуың керек, бірнеше рет қайталап оқудың да артығы жоқ… «Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз, бірімізден-біріміз арылармыз, біздерді де жоқтайтын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табылармыз» немесе «Жанарымды тұманмен тұмшаладым, серіппесі үзіліп тұр садағым, жігітінен қазақтың дос таба алмай, қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын, ауырлар деп ойлап па ем, мұнша халім…» деген шумақтар ше?.. Неге қазақтың алып ақыны қазақтың жігітінен дос таба алмады екен? Ауыр сауал… Жо-жоқ, Мақатаевтың ер-азаматтан достары болмады емес, болды ғой, болды… Қайғы мен мұң торлаған, тұман жапқан ақын жүрегін жылытуға сол кездегі замандастары неге жарамай қалды?.. Жүрекке салмақ түсіретін сауал. Ол шақ материалдық байлықтан мәселе туындамаған кез ғой. Алайда қазақ ақындарының замандас көңілін аулап, рухани үндестіктің үстемдік құруына қол ұшын бере алмағаны бәлкім күндестіктің басым болғанын аңғарта, нықтай түсетіндей… Әрине, өз сөзіміз – өзіміздікі. Дегенмен, жалқы ой соған жетелесе, айтпасқа амал нешік…

Сырым да – осы,

Жырым да- осы

Алдыңда.

Байқашы бір,

Бықсыдым ба жандым ба?

…Махаңдар жоқ,

Махаңдардың сарқыты

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!

Қарасазда туып өскен Мұқағали Мақатаев қырықтың қырқасына шыққанмен, елудің етегінен ұстап үлгермеген ақын. Небары 45 жас ғұмыр кешті. Алайда, творчестволық өмірбаян тұрғысынан келсек, біздіңше, ақиық ақын айтарын айтып, жазарын жазып кеткен ақындар санатында. Оның өлеңдері жас талғамайды. Жастың да, жасамыстың да Мұқағалидың жырларын жатқа айтуы сондықтан.

Қазір мейлі ол қай сыныптың оқушысы болмасын, ақын өлеңдерін жатқа сұрай қалсаңыз, кемінде бір өлеңін судыратып айтып береді. Кезінде оның өлеңдерін бағаламай, ақындық қасиетіне сын айтқандар да табылған деседі. Оны ақын күнделігіндегі «Ей безілдектер! Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды солар орнымызға қояды. Мен өзім жайында мынаны айтамын: мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтарының туысымын да…» деп жазғанын-ақ аңғаруға болатындай.

Бүгінгі таңда қай ақын көп оқылады десек, мүдірместен ауызға Мұқағали оралады. Қазақы жырдың қаймағын поэзия әлемінде қайта тулатқан жыр дүлділі Мұқағали Мақатаевтың есімі әрқашан қазақ халқымен үндес. Және мына фактіні біз айрықша атап өткіміз келеді. Қанша жыл өтсе де, Мұқағали жыры көрікті жырдың көші болып қала бермек.

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз