МӘШҺҮР-ЖҮСІП – ӘДЕБИЕТТЕГІ ФОЛЬКЛОРДЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ

МӘШҺҮР-ЖҮСІП – ӘДЕБИЕТТЕГІ ФОЛЬКЛОРДЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ

 

Балпанова Гульмира Оразалиновна

Көкшетау қаласы, Әл-Фараби атындағы

ІТ лицейі Бастауыш сынып мұғалімі

 

Қазақ фольклортану ғылымының өзекті мәселелері тәуелсіздік     арқасында енді-енді кеңірек қолға алына бастағаны белгілі. Қазақ әдебиеті тарихының басқа да іргелі салалары тәрізді қазақ фольклортану  ғылымында да қолға алынбаған, қолдан жасалған «ақтаңдақтарымыз» аз еместігі мәлім. Қазақ фольклортану ғылымының Кеңес үкіметіне дейінгі аралықты қамтитын кезеңі, атап айтқанда, Ш.Ш. Уәлиханов, В.В. Радлов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Г.Н. Потанин, Ә. Диваев т. б. еңбектерін саралау – бәрі «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты монографияда [1] орын алғаны мәлім.

Ал, ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымы дегенде: М. Әуезов, С. Сейфуллин, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Ә. Марғұлан, Н. Смирнованың т.с.с. қазақ фольклорын жинаушылық, жариялаушылық, зерттеушілік еңбектері біршама қарастырылып, «Қазақ фольклористикасы» деген жинақта [2] кеңірек сарапталғаны белгілі.

Әйтсе де, ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ фольклортану ғылымы қалыптасуында ең аумақты жұмыс тындырған белгілі қазақ фольклортанушы ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбектері ұзақ уақыт ескерілмей, енді ғана кешеңдеп зерттеле бастады.

Қазақ халқының рухани бастау көзі оның бай фольклоры екені белгілі. Қазақ фольклорын жинау да, зерттеу де кенжелеп қолға алынған- ғандықтан, бұл салада тындырғанымыздан да қолға алмағанымыз анағұрлым басым күйінде қалып отыр. Қазақ фольклоры томағатұйық, оқшау дамыған сала емес, әлемдік мәдениет қазынасының бір бұтағы екенін сараптасақ, бұл арнадағы «ақ- таңдақтардың» әлемдік рухани дамуға да үлкен кесел келтіре алатынын межелеу қиынға түспейді. Сонымен бірге фольклорлық қазынаның жете игерілмеуі жалпы қазақ мәдениеті тарихын, қазақ жазба әдебиетінің қайнар көздерін, қазақ тілі, педагогикасы, философиясы т.б. тарихын жан-жақты ізерлеп зерттеу ісін қиындататыны рас.

Мәшһүр Жүсіптің қазақ фольклорын жинаудағы, жариялаудағы еңбегін алғаш бағалаған мақалалар алғашқы қазақ газеті «Дала уалаяты газеті» (1889–1900) беттерінде Толыбайұлы Мұхаметқали мен Мәтен Ботбаев атынан жарияланды [3].1907 жылы   Мәшһүр   Жүсіптің   Қазан   қаласында   «Хал-ахуал»,«Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты үш бірдей кітабы жарық көрді.

1918 жылы Омбыдағы «Трудовая Сибирь» журналында Смағұл Садуақасовтың «Қазақ әдебиеті» атты мақаласы шығып, онда Мәшһүр Жүсіптің қазақ әдебиеті тарихында жаңа жазба әдебиетінің негізін қалаудағы еңбектері сараланды.

Мәшһүр Жүсіп қолжазбалары қандай жолмен Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Орталық кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар қорына келді? Ең алдымен 1932 жылы Мәшһүр Жүсіптің екі папка қолжазбасын Ғ. Мүсіреповтың тапсырмасы бойынша тікелей Д. Әбілевтің араласуымен Мәшһүр Жүсіптің үлкен баласы Шарафиденнен алынғаны т.с.с. – бәрі Дихан Әбілев естелігінде көрсетілген [4]. Ал, басқа қолжазбалары кейіннен жиені Жүсіпұлы Жолмұрат т.с.с. тапсырғандарынан құралғаны мәлім.

Сонымен қатар, жазушы Зейтін Ақышев естелігінде Мәшһүр Жүсіптің «Шайтанның саудасы» шығармасының қағаз бетіне қалай түскендігі, кейіннен 8 кластың әдебиет хрестоматиясын құрастырып жүрген Қ. Бекқожин мен Е. Смайыловқа жетіп, туынды мектеп оқулығына еніп, 1946 жылға дейін 3,4 рет басылым көргені сөз болады.

Сөйтіп 30–40-шы жылдары біртіндеп қолға алына бастаған Мәшһүр Жүсіп шығармашылығын зерттеу ісі 40-шы жылдардың аяғында дағдарысқа ұшырайды. Мәшһүр Жүсіп шығармашылығына тұрпайы социология тұрғысынан қара бояу жаққан т.б. мақалалар да жарыққа шыға бастайды Мұндай мақалалардың шығуына сол замандағы Қазақ- стан КП(б) Орталық Комитетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» – деген 1947 жылғы 21 январь т.б. қаулысының тікелей әсері тигені мәлім.

Кейіннен, 1956 жылдан М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаев, М. Қаратаев, М. Базарбаев, Х. Сүйіншәлиев, Б. Кенжебаев, Ы. Дүйсенбаев т.б. сынды ғалымдардың да ақын шығармашылығына көңіл бөлгені, әсіресе оның жинаған фольклор үлгілеріне ерекше назар аударғаны мәлім.

Алғашқылардың бірі болып, 1970-шы жылдардың өзінде-ақ Мәшһүр Жүсіптің еңбектерін жинақтай бастаған, баспадан жеке кітап етіп шығаруды ойластырған, тіпті бұл мәселені Қазақстан үкіметі басшыларына дейін көтерген ғалым М.Бөжеев болды, бірақ іс аяқсыз қалды [5].

Сонымен қатар «Дала уалаяты газеті» кітаптарының алғашқы томында [6] да (құраст. Ү. Сүбханбердина) Мәшһүр Жүсіптің 1888-1894 жылдарда сол газет беттерінде жарияланған материалдары қамтылған.

Мәшһүр Жүсіп шығармаларын зерттеудің нәтижесінде 1990-1992 жылдары Алматыдағы «Ғылым» баспасынан Мәшһүр Жүсіптің таңдамалы шығармаларының екі томы жарық көрді. Сондай-ақ республика газет-журналдар беттерінде соңғы 20–25 жылда мақалалар және Мәшһүр Жүсіп жинаған халық ауыз әдебиеті үлгілері т.б. жиі басылуы да – ақын мұрасының құндылығын, көлемділігін ашып берді.

Мәшһүр Жүсіптің алғашқы өлеңі 15 жасында жазылған. 20 мен 25 жас аралығында Мәшһүр Жүсіп Сарыарқаның халқын, жерін-суын түгел аралайды, серілік құрады. Әр таптың, әр дуанның аты, атағы бар адамдармен жолығып, пікір алысады: Қарқаралы дуанында қажыға бірнеше рет барған Жүсіп қажы Бердалы қожамен; Атбасар дуанында Әліке Байдалы, Аққошқар Сайдалы тұқымдарымен және де Атбасарда Мейрам қажы Жанайдар батыр баласымен т.б. танысып, көптеген уақыттарын бірге өткізеді. Мейрам қажыға 23 жасында, яғни 1881-нші  жылдары кездесіп, үйір болып танысып, көп уақыттар, жазы–қысы қолында болады. Сондай-ақ Мәшһүр Жүсіп Ақмола дуанында Қоңырқұлжа төре тұқымдарымен, Жәңгір төремен т.б. танысады. Жәңгір төре де – сөзге шешен, ұғымды, ұқпа құлақ қария, сауатты адам болған. Ақмола дуанына қараған Қама, Жапар елінде атақты Бөгенбай батырдың немересі жүз жасаған Саққұлақ шешенмен, заманында Орта жүзге шежіре атанған қариямен ауыз жұлысып, тарих жағынан, қазақ әдеби мұра сөздерін жазып алып хатқа түсіреді. Ал, Көкшетауда Абылай тұқымы – төрелермен танысады. Сыздық төре Кенесарыұлымен Ташкент қаласында, т.б. жерлерде бірнеше рет кездеседі. Атақты Атығай, Қарауылдан шыққан Ақан серімен жиі кездесіп жүреді.

10–15 жасынан бастап-ақ өлең жазып, хат жазарлық болғаннан-ақ Мәшһүр Жүсіп халық әдебиетін ел аузынан да, қағаз бетінен де жинаумен айналысады.

1887 жылы 29 жасында Мәшһүр Жүсіп Бұхар, Ташкент, Түкістан т.б. шаһарларына сапарға шығады. Ол заманда негізгі көлік қатынасы түйе, ат малы болғанын ескерсек, бұл сапарлардың өздері 2-3 жыл уақытты қамтыса керек. Айтылған шаһарлар араб жұрты, Стамбұлдан соңғы Орта Азиядағы мұсылман көпшіліктің мәдениетті жері. Бұрынғы өткен ғасырларда Азия жандарының тақ құрған жерлері болған себепті, Мәшһүр Жүсіп бір жыл Бұхарда тұрып оқып, білімін толықтырады. Араб, парсы, шағатай, түркінің т.б. тілдерін, жат сөзді жақсы түсінеді. Өзбек, тәжік, сарт, қызылбас т.б. – бұлардың да тілін, әдет-ғұрпын түсінеді. Абуғали Сина, Абултарит, Сақырат хакім сияқты т.б. ғалымдардың жазған ғылыми кітаптарын оқып көреді, тәжірибе алады. Иран ғалымдары мен шайырларының күшті болған шах Сағдидің жазған кітаптарын да оқиды. Абулғазы Баһадүр хан шежіресін, «Мың бір түн»,«Шахнама», Науаи, Фердоуси, Сайқалы т.б. кітаптарын жатқа білген.

Келесі жылы Бұхардан қайтып, Түркістандағы атақта Қожа Ахмет Яссауидің басындағы Әмір Темір салдырған көк күмбезін көреді. Онда да бірсыпыра уақыттар болып, бірнеше ғалымдармен танысады. Одан әрі Сыр өңірін аралайды. Майлықожамен жолығады, жеті атасынан тұқымынан ақындық үзілмеген дуана қожа Көшек, Күдері қожа тұқымдарымен танысады. Одан кейін Шу мен Сырдан өтіп, Ұлытау мен Кішітауды басып, Есіл мен Нұраны жайлап, мекен қылған Алтай, Найман, Қоңырат, Қыпшақ т.б. елдерін аралайды. Осындай екінші сапарына Мәшһүр Жүсіп 37 жасында, яғни 1895 жылдар шамасында шықса, үшінші сапары 49 жасына (1907) сәйкес келеді.

Мәшһүр Жүсіптің үш кітабы: «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал», «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» атты туындылары 1907 жылы Қазан қаласындағы Құсайыновтар баспаханасынан жарық көреді. Кейіннен ол баспаханадан шыққан 14 қалам иесінің шығармаларын цензура сотқа тартады. Ішінде Мәшһүр Жүсіптің жоғарыда аталған еңбектері де бар.

 

 

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз