БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ОҚУ ЖӘНЕ ЖАЗУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ

БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ОҚУ ЖӘНЕ

ЖАЗУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ

 

Айтимова Ултай Султанбековна

Қызылорда облысы Шиелі ауданы, 

Балаби ауылы №50 Абай атындағы

 орта мектеп Бастауыш сынып мұғалімі

 

Бастауыш сынып оқушыларының оқу-жазу дағдыларын дамыту оқу-тәрбие үрдісіндегі басты міндеттердің бірі болып табылады. Бұл дағдылар табысты оқу және оқушылардың  қоғамға интеграциялануының негізі болып қарастырылады. Педагогикада оқу-жазу дағдыларын дамытуға арналған көптеген стратегиялар мен әдістер бар. Мысалы, оқу дағдыларын дамыту үшін,  дауыстып оқу, интерактивті оқулар мен сөздік ойындар  сынды түрлі тәсілдерді қолдануға болады. Енді әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтейік. Дауыстап оқу:

-Сабақтың бір бөлігі ретінде дауыстап оқуды ұйымдастыру. Бұл оқушының  тек айтылу дағдыларын дамытып қана қоймай, сонымен қатар оқыған мәтінін түсінуін жақсартады.

Дауыстап оқу – бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдыларын дамыту үшін ең тиімді әдіс. Бұл әдіс айтылу дағдыларын дамытуға, мәтінді немесе шығарманы  түсінуге мүмкіндік береді, сонымен қатар оқуға деген қызығушылықты арттырады. Бұл ретте, ең бастысы баланың жасына сай кітапты таңдау керек. Өйткені, оқылатын мәтіннің түсінікті әрі қызықты болуы маңызды рөл атқарады. Және де педагог айтылым симуляциясын әрдайым бақылауда ұстап отырғаны дұрыс. Яғни, сөздердің, сөз тіркестерінің дұрыс айтылуына, интонация мен ырғаққа мән беруі қажет. Бұл балаларға тілдік дыбыстар мен ырғақтарды жақсы әрі дұрыс қабылдауға көмектеседі.  

Мәтінді оқып болған соң, оқушыға тақырыпқа сай сұрақтар қою да маңызды. Ол арқылы баланың сыни ойлау және талқылау дағдылары қалыптасады.

Интерактивті оқулар:

-Материалды оқып болған соң, оқушылармен кітаптың мазмұнын талқылау. Бұл білім алушының  өз ойын айтуына, пікір білдіруіне жағдай жасайды.

Интерактивті оқу – тыңдаушылардың оқу процесіне белсенді қатысуын, мәтінді талқылауын және мазмұнмен өзара әрекеттесуін көздейтін әдіс. Бұл әдіс оқу дағдыларын дамытуға көмектесіп қана қоймай, сонымен қатар ойлауды, талқылауды дамытуға да  атсалысады.

Бұл әдіс барысында  балаларға өз ойларын айтуға, бөлісуге мүмкіндік беру қажет. Және де оларға өз әсерлерін сурет арқылы көрсетуге тапсырма беру де оң әсер етеді. Одан бөлек, сюжеттік карталар жасау арқылы балаларға негізгі оқиғалар мен кейіпкерлерді таныстыруға да болады. Бұл ақпаратты құрылымдауға және сюжеттің дамуын визуализациялауға жағдай жасайды.

Жаңаша әдіс ретінде кітаптағы кейіпкерлерді немесе оқиғаларды бейнелейтін карталарды пайдаланған жөн. Ал, бұл арқылы балалар картаға оқиғаларды ретімен орналастырып, өз түсінгендерін айтып беруге ұмтылады.

Негізінен, интерактивті оқу -  әдебиетті меңгеру процесін қызықты етеді. Шығармашылық ойлау мен коммуникативті дағдыларды дамытуға атсалысады.

Сөздік ойындар:

-Жаңа сөздерді үйренуді қызықты ету үшін кроссворд ойындары, сөздерді сәйкестендіру  секілді балалардың ойлау және есте сақтау қабілетін жақсартатын ойындарды пайдалану.

Балаларға арналған сөздік ойындар тек қызықты ғана емес, сонымен қатар танымдық көкжиегіңді арттыруға үлес қосатын үлкен құрал. Ол баланың сөздік қорын, грамматикалық дағдыларын дамытуға ықпал етеді. Мысалы:

Сөз тізбектері:

Балалар алдыңғы сөздің соңғы әрпінен басталатын сөзді атайды. Мысалы, «мысық» - «қауын» - «нан» және т.б.

Сөздерді біріктіру:

Балалар басқа сөздердің әріптерін пайдаланып жаңа сөздер құра алады. Мысалы, «бала» сөзінен «ала» немесе «бал»  сөздерін жасауға болады.

Сөзді кері айт:

Бұл ойында балалар сөздерді кері айтуға тырысады. Содан кейін олар әріптердің ретін өзгерту арқылы жаңа сөздер құрады.

Дыбыстары бар ойындар:

Балалармен сөздердегі дыбыстарды анықтауға шақыратын ойындарды ойнау.  Мысалы, неше сөз «ш»-дан басталып, қаншасы «а» әрпімен аяқталады, т.б.

Қызықты кітаптарды пайдалану:

-Оқушыларды қызықтыратын және олардың оқу деңгейіне сәйкес келетін кітаптарды таңдау.

Оқыту барысында қызықты кітаптарды пайдалану балалардың оқуға деген қызығушылығын оятып, олардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырады. Мәселен, сабақтың тақыбырына сәйкес келетін кітаптарды таңдау оқушыларға әдеби контекст арқылы оқу материалын жақсырақ түсінуге көмектеседі.

Оқушының мәтінді түсініп оқуына жағдай жасау:

-Негізгі идеяларды анықтау, мәтін бойынша сұрақтар қою және оқиғаларды болжау сияқты оқуды түсіну стратегияларын үйрету.

Суреттерді пайдалану:

-Түсініп оқуды қолдау үшін кітаптардағы иллюстрациялар мен суреттерді пайдалану. Бұл оқушылардың оқиғаны және жаңа сөздерді көз алдына елестетіп, айтып беруіне көмектеседі.

Рөлдерге бөліп оқу:

-Оқушылар кейіпкерлердің рөлдерін ойнайтын рөлдік оқуды ұйымдастыру. Бұл арқылы олар сюжеттегі оқиғаларды, мәтіндегі негізгі ойды тереңірек түсінеді.

Ал, енді жазу дағдыларын дамыту үшін оқушыларға ең алдымен  әріптерді құрастыруды үйрету қажет. Бұл ретте, “Сурет салу”, “Құм сағаты”, “Қағаз жаттығулары” сынды әртүрлі әдістерді қолданған жөн.  Сонымен қатар, дайын үлгілерді пайдалана отырып, үлгі бойынша әріптер мен сөздерді қайталап жазған да дұрыс. Бұл ретте әріптер мен сөздерден тұратын ойындар да артық етпейді. Оқушылардың жазу дағдыларын жаттықтыру үшін сөздік ойындар, сөзжұмбақ сияқты білім беру ойындарын пайдалану қажет. Одан бөлек:

Әңгімелер құру:

Оқушыларды өз бетінше әңгіме құрастыруға ынталандыру. Мысалы, оқушыға қысқаша әңгіме, шытырман немесе қиял-ғажайып оқиға құрастырып жазуға тапсырма беру.

Хат алмасу:

Оқушыларға хат жазу тапсырмаларын беру. Балалар бір-біріне хат жазу арқылы, өз әсерлерімен бөлісе алады. Бір-біріне түрлі оқиғаларды айтып бере алады.

Негізінен жазу продуктивті дағдылар қатарына жатады. Бастауыш сынып оқушыларының әріптер мен сөздерді пайдалана отырып, сөйлем құрай білуі маңызды қадам. Сөздерді орынды пайдаланып, сөйлемдер құрап өзінің ойын, түсінгенін қағаз бетіне түсіре алу – жақсы нәтижеге қол жеткізуінің алғашқы баспалдағы. Өйткені, жазылым барысында оқушы орфографиялық қатесіз жазуға, әріптерді дұрыс жаза білуге, пунктуацияны дұрыс қолдануға, абзацты дұрыс ұйымдастыра  білуге, стилді дұрыс таңдай алуға, сауатты жазуға біртіндеп үйрене бастайды. Күнделікті сабақ барысында осы дағдыларды үнемі тиімді қолданар болса, жазу дағдысын жақсылап қалыптастырады. Сондай-ақ, оқушы бойында шапшаңдық, алғырлық, өзіне қажет мәліметтерді тыңдап, ойын жеткізе алу, сауатты жазуға деген бірнеше өзгерістерімен қоса дағдылары да дами түседі.

Жазылым дағдысын бір оқушы тез меңгеріп кетсе, енді бірі аса зор қиындықпен игеруі мүмкін. Бұл жағдайда педагог әр оқушының жазу дағдыларын меңгеру қабілеттеріне орай, әріптерді пайдалану арқылы бірнеше сөз шығару, сөздерден сөйлем құрастырып жазу, сөздердің қатесін тауып, түзетіп жазу секілді оңайырақ тапсырмаларды берген дұрыс.  Мысалы,  «4 сөйлем» немесе «ПОПС» әдісімен сөйлемдер құрастыруға тапсырма беруге болады. Ол төмендегідей:

Бірінші сөйлем «Менің ойымша, … »

Екінші сөйлем «Себебі, мен оны былай түсіндіремін … »

Үшінші сөйлем «Оны мен мына мысалдармен дәлелдей аламын … »

Соңғы сөйлем «Осыған байланысты мынадай қорытындыға келдім …»

Қорыта келе, біз оқушылардың оқылым, жазылым дағдыларын қалыптастыру арқылы: олардың мәтіндерден қажетті ақпараттарды таңдап, қолданып, біріктіре алуына, өз пікірін еркін жеткізуіне ықпал етеміз. Өзіндік жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырып, жазу қабілеттерін дамытамыз. Сыни ойлап, алған білімін өмірде қолдануына жағдай жасаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  • Тілдік төрт дағды бойынша белсенді оқыту тапсырмалары. Оқу-әдістемелік құрал. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Білім беру бағдарламалары орталығы» филиалы, 2014.
  • “Тиімді оқыту мен жазу дағдыларын қалыптастыру” Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламасы. Мұғалімге арналған Нұсқаулық. Астана, 2016.
  • Б.З.Вульфов Педагогика рефлексии : взгляд на профессиональную подготовку учителя Москва: – 111
  •  А.Я.Савельев. Технология обучения и их роль в реформе высшего образования.

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз