Ментальді арифметика жайлы не білесіз?

Тарихына шолу

Бірнеше мың жыл бұрын қытайлықтар «абакус» есепшотын ойлап тапқан болатын. Бұл құрал арифметика саласына көп өзгеріс әкелді. ХVI ғасырда «абакусты» жапондықтар қолдана бастады. Содан бері 400 жыл өтіпті. 400 жылда «абакусқа» негізделген сан түрлі есепшоттар пайда болды (оның ішінде аталарымыз қолданған  «советский» есепшот та бар). Аталмыш есепшоттың ерекшелігі, мәні кез келген есепті ойша тез шығаруға үйретеді. Бүгінгінің калькуляторы уақыт жағынан одан қалыс қалып қояды. «Абакус» бүгінде АҚШ-та, Кореяда, Оңтүстік Азияда кең танымал. Ендігі кезек бізде...

Байыбына бару

Ментальді арифметика дегенді естіген шығарсыз. Ол тез есептей отырып, мидың оң және сол жақ шарларының жұмысын жақсартуды, жалпы адамның есте сақтау, көңіл бөлу қабілетін арттыруды көздейді. Басында сізге «абакусты» береді. Бірнеше ай бойы қолыңызды жаттықтырып, сонымен есеп шығарасыз. Бірте-бірте ойша санауды үйрене бастайсыз. Қарапайым сандарды тез бағындырсаңыз, келесі деңгейге өтесіз. Жалпы 11 дан бар. 1  данға орташа есеппен 3-4 ай кетеді. Жетісіне 2-3 рет барасыз. Сабақтың ұзақтығы әр орталықта әрқалай. Шағын топта немесе жекелей дайындала аласыз. Бағасы да тікелей соған байланысты.

Есеп сұрау

Ментальді арифметикаға бала 2,5-3 жыл баруы керек. Бұл шама-шарқынына қарай ең негізгі деген деңгейлерді бағындыруға кететін уақыт. Курс ақысын төлеймін деп кассаға барғанда алдын-ала дайын болыңыз, себебі: 1 ай = 14000  теңге (4 рет барады 2 сағаттан), 12 ай = 192 000 теңге, 2 жыл =384 000, 3 жыл = 576 000 теңге («ISMА» мектебінің бағасы бойынша).

Ақ-қарасын ажырату

Диана Снегина, танымал радиожүргізуші: 2 балам да ментальді арифметикаға барған. Жарты жыл көлемінде. Қазір үзіліс жасап, бармай жүрміз. Бірі ол кезде12 жаста, бірі 10 жаста болатын. Сабақ үлгеріміне нақты әсер етпесе де өз басым балаларымның бойынан жинақылықты байқадым. Бір сағат компьютер ойындарын ойнағанша бала ментальді арифметикаға барғаны дұрыс. Мен балаларыммен бірге алғашында курстарына барып тұрдым. Әр сабақ қызық болып өтеді. Іш пысты, ұйқым келді деген әңгіме жоқ. Уақыттың қалай зырғып өткенін байқамай қалдық. Маған салса, ментальді арифметиканы шетелдегідей міндетті мектеп бағдарламасына енгізер едім. Одан пайда көрмесек, зиян шекпейміз. Бос уақытым көбірек болғанда өзім де ментальді арифметикаға жазылар едім.

Қарақат Әбілдина, танымал әнші, көп балалы ана: Мен негізі мектепті емес, мұғаліміне қарап мектеп таңдайтын ата-анамын. Әлия Әбуқызы – 37 жылдық еңбек өтілі бар ерекше құрмет тұтатын, сыйлайтын адамым, ұстазым. Ол кісі №66 мектепте сабақ бергендіктен балаларымды да сол оқу ошағына апардым. Ментальді арифметикаға басында қызыққаным рас. Балаларымды курсқа бермес бұрын бастауыш мұғаліммен ақылдасуды жөн көрдім. Ол түпкілікті қарсы болды.  Әлия апайдың айтуы бойынша ментальді арифметика баланы «робот» қылады. Себебі бала цифрларды қосады, шешімін ауызша айтады, бірақ шешілу жолдарын түсіндіріп бере алмайды. Түсіндіріп бере алмаса, одан не пайда, не мән бар? Әлия Әбуқызының айтқанының жаны бар. Келіспеске болмайды. Балаларымның жалпы бос уақыты аз. Қазіргі мектеп бағдарламасы да оңай емес. Қосымша ретінде балаларымды шахматқа, спорттық гимнастикаға, домбыра үйірмелеріне жіберемін. Ментальді арифметикаға сөйтіп бармаймыз.

Журналистік қорытындылау

Балаңызды ментальді арифметикаға бересіз бе, бермейсіз бе өзіңіз шешіңіз. Қаржыға қараңыз, неге бейім екенін анықтаңыз. Бұл, меніңше, ең дұрыс қорытынды. Бірақ жан-жақты ақпаратпен қаруланып алғаныңыз жөн.


Ғаламтордан алынған

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз