Аса жауапты міндеттермен ұйымдасқан жәндіктер кез-келген көңіл күйді сезініп, жұмыс барысында айанбай еңбек етуден ешқашан қашпайды. Жәй ғана жыбырлап жүріп, не болса соны кеміріп жеп, басы ауған жаққа қаңғып жүре беретін көп жәндіктің бірі болса құмырсқа тіршілігіне ешкім де қызықпас еді. Гәп сонда бұл жәндіктер алдарына мақсат қойып, жоспармен жұмыс жасағанда алдарына жан салмайды. Мысалы, құмырсқалардың адамдар секілді қолға үйретілген «жуас үй жануарлары» болады. Оларды «құмырсқа сыйыры» деп атайды. Орыстар тлей дейді. Асыранды «мини сиырлардың» денесінен тәп-тәтті шырын бөлінеді. Сол шырынды құмырсқалар негізгі ас-сусын іретінде ішіп, ырақаттанып, мас боп жүиді.
Сыиырларды асырау үшін адамдар секілді олар да бақташылар тобын жасақтайды. Олар сиырларды уақытымен тойдырып, сауып, бөпелерін тап-таза ас-ауқатпен асырайды. Сиырлардың емін-еркін жайылуына, өсіп-өнуіне кепілдік беретін құмырсқалар ішінен күзетшілер, қорғаушылар тобы іріктеледі. Жайылып жүрген тлейлерге тентек жәндіктер келіп тиісетін болса қарауыл құмырсқалар қырғын төбелесті бастап кеп жіберуге әманда дайын. Бақташылар міндеті тлейлерге құнарлы «жайылым жер» тауып беріп, жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонуын қамтамасыз етеді. Шаңқай түс болып, күн ысығанда оларға шөп-шаламнан шәйлә құрастырып, көлеңке жасайды. Қар түсіп, күн суытса ұрғашы тілейлерді жып-жыл, құп-құрғақ мекен-жайға жайғастырады. Құмырсқалардың дені сау болып, ұрпағы жақсы дамуы үшін сиырлардың баппен күтілімі ауадай қажет. Тлейлер семіз болса құмырсқалар да күйлі. Сондықтан да өз беттерінше өсіп-өнетін тлейлерге қарғанда құмырсқалар қарауына өткен тлейлер өте тез, әрі аман-сау көбейеді. Сондықтан тлейлер құмырсқалар қарауына өткен кезде бала-шағасына дейін шаттанысып, қуанады.
Құмырсқалар шашылып қалған шөп-шалам мен дәнді дақылдың бәрін ұқыппен жинап, теріп ұясындағы құрғақ қоймаға әкеліп сақтайды. Қоймадағы қызметшілер даладан жиылған әралуан дәнек, шопақтарды тазалап, сұрыптайды. Жиналған астықты жеместен бұрын оларды қауызынан аршып, тазартып, ұн қылып ұнтақтайды. Біздіңше айтқанда диірменге тарттырады. Дастарқанға жауапты аспазшы құмырсқалар ұнтақ ұнды сілекей суларына араластырып, қамыр илеп, быламық жасап, құндақта жатқан «бөпелердің» ауызына апарып салады. Сондықтан тіршілік кепілі болған дәндерді дұрыстап, ұзақ мерзімге сақтау үшін жанкешті еңбек етеді. Нөсер жауыннан соң «ас-ауқаттары» дымқыл тартып қалса дереу оларды далаға шығарып, кептіріп, құрағатып, ішке қайта тасыйды.
Амазонкадағы құйтақандай құмырсқалар жемтік іздеп, «аңға» шыққанда алғашқы қауымдағы жабайы адамдардың дәу мамонтты жарға жығып, жабылып жәукемдегенін еске салады. Бұл жәндіктер дене тұрқы өздерінен екі, үш есе үлкен жәндіктерді қулыққа құрылған айла-тәсілімен оп-оңай қолға түсіреді. Үлкен-үлкен өсімдіктердің жапырақтарының талшықтарын қиып алып, олардан кішкене іші қуыс үйшік жасайды. Үйшікті өсімдіктің ыңғайлы жеріне құрастырып болған соң ішіне көптеген жауынгерлер жасырынып жатып алады. Бірнеше ұсақ құмырсқалар бастарын ғана қылтитып, жемтігін шақырады.
Әлгі жердегі өсімдікті шырынына жиналған ара, шегіртке немесе қоңыздар ол үйшікті өсімдіктің жапырағы немесе сабағы деп ойлады. Олжасын күтіп отырған құмырсқалар ұйымдасқан түрде, қорегіне күтпеген жерден тарпа бас салады. Мұндай шапшаң шабуыл күтпеген қоңыз, шегіртке, дәуіттер не болғанын түсінбей тапырақтап қалады. Сол сәтті күтіп жатқан жауынгерлер жан-жақтан лап береді. Біреуі тобықтан, біреуі пақайдан, енді біреуі кеудеден келіп қайшы тісті шақырлатып салғанда дөңкиіп тұрған қоңыз, шегірткең шатқалақтап қалады. Көзі қарауытып, есеңгіреп қалған бейшара жәндік денесін ұйытып, дызылдатып бара жатқан құмырысқа уына шыдас бермей ақыры «гүрс» етіп құлайды. Көзді ашып жұмғанша жүздеген «мини жыртқыштар» дөңкиіп жатқан «бақытсыз» жәндікті жіліктеп, турап, осып, қидалап, боршалап, турап, әп-сәтте дымын қалдырмай тасып әкетеді. Жоғарыда баяндалған жәндікке арналған әдіс сізге бір кездері, Троя шаһарының түбіне жететін, Пасейдонға арналған үлкен ағаш ат секілді елестеуі мүмкін. Бірақ құмырсқаларды адамнан ақыл сұрамайтыны анық. Олай болса құмырсқаларға бұл тәсілді үйреткен бір құдіреттің бар екен анық.
Тағы бір таңғаларлық жайт, амазонкалық құмырсқалардың басқа бір түрі. Амазонка ормандарында әр жерде жеке дара сойдыйып тұрған биік бәйтеректер кездеседі. Бірақ амазонканың жабайы тайпалары бұндай ағаштарды«шайтанның бау-бақшасы» деп атаған. Себебі бұл ағаштың маңайында орманның жын-перілер мекендейді деп ойлайды. Зайырлы елдің биолог, ботаниктері амазонка ормандарын зерттеп жүріп, әншейінде ит тұмсығы батпайтын ну орманда жеке дара жайқалып тұрған дарақтарды көріп таң қалады. Зерттеп көрсе, құпиясы құмырсқада екен. Жалғыз ағаштың діңінде өмір сүретін құмырсқалар империясы айналасында қылтиып шығып келе жатқан басқа ағаштардың көшеттерін у шашып жөргегінде «буындырып өлтіреді». Ғалымдар бұл кереметті зерттемек үшін «шайтан ағашының» жанына әртүрлі талдың дәндерін шашып, егіп шығады. Бар жоғы бір тәуліктің ішінде құмырсқалар әскері тиген жерін күйдіріп, ойып түсетін өткір қышқылдарымен төбесі қылтиып, көгере бастаған балғын көшеттерді тып-типыл жойып жіберді. Басқа алқапқа егілген көшеттер еш кедергісіз өсіп-өніп, жайқалып кете берді. Мұның себебін ғалымдар былай түсіндіреді. «Құмырсқалар өздері мекен етіп отырған ағашқа өзге дарақтар бақталас болмас үшін бөтен көшеттерді әлсіз кезінде айаусыз құртып отырады». Жунглидегі ең ежелгі, ең кәрі «шайтан ағашының» жасы сегіз жүз жылдан асып кеткен. Жыл сайын жаңарып отыратын құмырсқалар қауымы мың жыл бұрын ата қоныстарына айналған берекелі бәйтеректі жекеменшіктеріне айналдырып алған десе де болады.
Енді егінші құмырсқалар қауымының қызығына қанығалық. «Агроном» құмырсқалар құрамында калориясы өте жоғары белоктары бар саңырауқұлақтың тұтас бір плантациясын ұстайды. Бұл егінді өсіру үшін құмырсақалар ең бірінші талдың жапырағын турап, кесіп, бөлшектеп үйлеріне тасып алады. Бірақ жапырақты жемейді. Олардың құйтақандай асқазандары саңырауқұлақ жегенде ғана жұбанады.
Сондықтан жер асты мекендерінде саңырауқұлақ плантациялары міндетті түрде жайқалып тұруы керек. Құдай сақтасын алда-жалда жер астында жұт болып, егін шықпай қалса барлық қауым үрім-бұтақ, зәужәт-жұрағатымен аштан қатады. Саңырауқұлақ өсетін құнарлы топырақты қолға түсіру оңай емес. Оның құнары мен құрамын реттеу үшін талдың төбесіне шығып, бұтақ, сабақтың арасында жүгіріп жүріп, жасыл жапырақтарды қырқып, төменге тасып алады. Жұмысшылар жақтары талғанша жапырақтарды қидалап, турап, шайнап, майдалаған соң оларды өздерінің қи, нәжістеріне араластырып илейді. Тыңайтқыштың иі қанған соң оған егін еге беруге болады. Әдетте, бір жерге бидай, күріш, қауын, қарбыз қайта-қайта егіле берсе топырақ эрозияға ұшырап, құнары құриды. Мұнда да дәл солай. Сол үшін жасыл плантацияны үнемі жаңартып отыруға тура келеді. Жаңа мекендегі плантацианың топырағы әбден дайын болғанда күллі қауымды басқарып отырған аналық құмырсқа саңырауқұлақтың тұқымын ұртына салып алып, шалқар көшті бастап, жер үстіне шығады. Көш көлікті болып, діттеген жерге келген соң, жаңа үйдегі жас плантацияға жас тұқымдар себіледі. Осылайша егіннің жаңа маусымы басталады. Бірақ мұнымен шаруа бітпейді.
Еккен егінді зиянды паразиттерден сақтап, қорғау керек. Әдетте кез-келген қолда өсетін егіннің өнімі оның даладағы жабайы түрінің өніміне қарағанда әлдеқайда көп болады. Есесіне жабайы егіннің жаулары аз болады да керісінше қолда өсетін егінге құрт-құмырсқа, паразит, бактериялар үйір болады. Адамдар өздерін 5 мың жылдық өркениет тарихында егіндерін паразиттерден сақтау үшін неше түрлі айла-тәсіл ойлап тапты. Қазір де егінге арнайы дәрі шашып, күтіп отырмасаң күздің күні банкрот боп, топырақтан картошка емес, қоңыз теріп кетуің демде. Ендеше арнайы егін егіп қана күн көретін құмырсқалар зианды паразиттерден қалай сақтанады? Таң қалатын түгі де жоқ. Олар егіндерін адамдардан артық қориды. Әдетте саңырауқұлақтың хас жауы – аскомицетті паразиттер. Бұлар жайқалып тұрған плантацияға түсетін болса аз ғана уақыттың ішінде ас-ауқатты көгертіп, шірітіп, бұзып, айнытып жібереді. Бірақ құмырсқалар да қарап жатпайды…
Дереккөз: anatili.kazgazeta