Жастар-ел болашағы

«Халық кемеліне келіп, өркендеуі үшін, ең алдымен, азаматтық пен білім керек» деп ұлы Ш. Уәлиханов өте орынды айтқан. Ендеше жан-жақты ел тарихын жетік білетін, заман талабына сай жастарды тәрбиелеу – бүгінгі күн талабы екендігін жадымыздан шығармағанымыз абзал. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болады» деген сөздері болашақ Қазақстанның тізгінін ұстайтын жастардың замана көшінен қалмай білікті де білімді маман болудың айқын бейнесі. Осыған орай, бүгінде жоғары әскери оқу орындарындағы оқу-тәрбие үдерісі – курсанттардың өзін-өзі жан-жақты жетілдіруіне, өзінің қоғамдағы алар орны мен даму деңгейін айқындауына, өзінің бойындағы тұлғалық сапалылығын дамытуға бағытталғаны дұрыс. Бұл қазіргі әлеуметтік-экономикалық талаптарға сәйкес білімі жоғары, танымы кең, шығармашылық қабілеті мен рухани байлығы дамыған тұлғаны оқыту, тәрбиелеу қажеттілігінен туындауда.
Әрине бұл тұрғыда білім мен тәрбие тетіктерін маңызды іске бағыттау арқылы ұрпақ бойына отаншыл болатындай асыл қасиеттерді дарыту, айналып келгенде, Отан әлеуетін нығайтудың сенімді кепілі бола алар еді. Осындай келелі істерді жүзеге асыруда еліміздің Қарулы Күштеріне басты әскери мамандарды дайындайтын Құрлық әскерлері Әскери институты курсанттарының әскери-ғылыми қоғамының жанынан құрылған «Айбын» ғылыми пікірсайыс клубы институтымыз үшін, жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытуда, еліміздің болашақ офицерлеріне жан-жақты білім беру мен тәрбиелеуде өзіндік маңызы зор. Жалпы тоқтала кететін болсақ, «Айбын» атты ғылыми пікірсайыс клубы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында 2016 жылдың 16 мамырында ресми түрде ашылған болатын. Оның негізгі мақсаты – курсанттарды шешендік өнерге баулу мен үйрету, білімдері мен ғылыми танымдарын арттыруға бағытталған әскери жастардың шығармашылық әлеуетін неғұрлым толық жүзеге асыру мен дамыту болып табылады. Міне өзінің ашылғаннан бергі қысқа тарихында институттың клуб мүшелері қалалық, аймақтық түрлі пікірсайыс алаңдарында өздерінің белсенділіктерімен көзге түсе білді.
Жалпы алғанда республикамыздың жоғары оқу орындарында қалыптасып, өз орындарын тіктеп, көпке танымал болған клубтардың артынан ізбасары болып келе жатқан «Айбын» ғылыми пікірсайыс клубы үшін осы республикалық пікірсайыс турнирін өткізу үлкен маңыздылық танытып отыр. Себебі, клубтың атауы өзі аты айтып тұрғандай айбарлы да, мықты, қуатты да күшті болудың, яғни курсанттардың білімі терең, тәртіпті, әскери істегі біліктері жағынан жан-жақты да мықты болудың сипатын аңғарып тұр. Сондай-ақ аталмыш іс-шараны өткізу негізінде жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастарымызды бір-бірімен өзара қауыштыра отырып, өзара ой-пікір алмасуға, курсанттар мен студенттердің тынысын кеңінен ашып, шабыттарына шабыт қосты. Егеменді еліміздің болашақ жастарын патриоттық тәрбиеге баулу мен курсанттардың білімі мен білігін шыңдауда аталмыш іс-шараның маңыздылығы зор, елім деп еміренетін, елі мен жері үшін аянбай еңбек ететін білікті әскери мамандардың көп болуы тәуелсіз еліміздің айқын бедері екені айдан анық. Сондай-ақ, елдігіміз бен тәуелсіздігіміздің киелі көк байрағын ХХІ ғасырда асқақтата желбірететін – бүгінгі біздің жалынды жастарымыз! Болашағымыз жастар деген үлкен аға буын өкілдерінің үкілеген үміттерін ақтайтын жалынды жастарымыздың бойында жақсылық нышандарын қалыптастыратын аталмыш іс-шара сияқты түрлі білімділік және тәрбиелік іс-шараларының өзіндік мазмұнға ие болып, жемісті нәтижеге жетсе нұр үстіне нұр болары анық. Сондықтан бүгінгі жастарымызға оқуларында озат, еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы еңбектеріне толағай табыс тілейміз!

Пікір қалдыру

Код көрсетілмесе, бетті қайта жаңартыңыз