«Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісінде ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ береген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген Бауыржан Момышұлы. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім. Мұғалім мамандығын мәңгілік деп атайды. Адамзат өзі өмір сүргеннен бері әрдайым оқып – білуге, өз тәжірибесін жас ұрпаққа таратуға – өмір тәжірибесімен санаса, мақсаткерлік тұрғыда меңгеруге талпынады. Мұғалім болашаққа ұмтылған жеке тұлғаны қалыптастырушы. Түптеп келгенде, қоғам мұғалімге ерекше жауапкершілік жүктейді.
Д.И. Менделеев былай деп жазған еді: «ғылымды өзі жетік білетін, оны меңгерген және оны жақсы көретін ұстаз ғана шәкірттеріне жемісті қызмет ете алады». Демек Ұстаздықты ұлағат тұтып, мен де Ұстаздық еңбек жолында жүргеніме бірталай уақыт болыпты. Міне Павлодар Мемлекеттік педагогикалық институтын 2009 жылы тәмәмдап Павлодар облысы Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясында ең алғаш ұстаздық жолында қызмет ете бастадым. Әрбір ұстаздың өзіндік орны бар. «Ұстаз жолы - ұлы жол» демекші, оқушыларға жан – жақты сапалы білім, жақсы тәрбие беру менің міндетім деп санаймын.Ұстаз болғаныма мақтанам. Себебі ұстаз – мақтан тұтар мамандық. Өйткені көп мамандықтардың ішінде жан – жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, мейрімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандығы.
Ұстаздық жолында жүргенімде талай асулармен белестерден өттік. Әріптестеріммен жүріп ұстаз бойындағы төзімділікті, тазалықты, сабырлықты, адамгершілікпен мейрімділікті, бір – бірімізге көмек қолын созуды, еңбек сүйгіштік сияқты жақсы қасиеттерді бойымызға сіңірдік. Ұстаздың қызметі – өте күрделі, әрі көп салалы. Ұстаз оқушының жеке басының дамуын, қалыптасуын, білім берумен тәрбие және оқу процесін басқарады. Сондықтан мұғалімнен жан – жақты терең ғылым, білім, жоғары педагогикалық шеберлік, Отан сүйгіштік, табанды – ерік – жігер, парасатты мінез құлықты талап етіледі. Мұғалім еңбегі өзінің мақсаты, мазмұны және қоғамдағы алатын орны жағынан ең құрметті болып танылады.
Педагогикалық қызмет – қиындығы мол қызмет. Әрине ұстаз болу оңай емес, себебі ол бір – екі ғана баланы тәрбиелемейді, ондағы әр түрлі қабілеті мен бейімділігі, қызығушылығы, мінез – құлқы мен әдет – ғұрпы, түсінігі мен көзқарасы әр деңгейдегі жасөспірімдерді тәрбиелейді. Мұғалім еңбегінің ерекшелігі – оның баламен үнемі қарым – қатынаста болумен және рухани араласумен сипатталатындығында. Әр баланың көңілін, тілін таба білу керек деп ойлаймын. Мен өзім оқушыларыммен сырласып, дос сияқты ақылдасқанды жөн көремін. Оларға мен бір – біріне сенуді, көмектесуді, сыйласуды, ақылдасуды және көмек қолын созуды жиі айтып отырамын. Сондықтан болар менің оқушыларым мақтан тұтарлықтай өнегелі, тәрбиелі, білімді деуге болады.
«Адамының адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Қазіргі заманда ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру біздің міндетіміз деп санаймын. Бүгінгі ұстаз балаларға білім беруші ғана емес, сонымен қатар олардың жаңа қалыптасып келе жатқан сана – сезімін жоғары дәрежедегі рухани байлықтармен байытушы, балаларға қоғамдық, әлеуметтік –
экономикалық көзқарастың қажеттілігін оятушы, оларға өз бетінше жаңалық ашуға, жаңалық жасауға үйретуші.
Мен Информатика пәнінің мұғалімімін. Информатика пәнінің мұғалімі болғанымды мақтан тұтамын әрі мен үшін үлкен бақыт десем артық болмас. Осы Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияда Информатика пәнінің мұғалімі болып істеп келе жатқаныма 9жыл болыпты. Осы аз уақытты ішінде шәкірттеріңді көргенде өз еңбегіңе деген сүйіспеншілік пен ризашылық сезімді байқайсың. Әрине осындай сезім менде ғана емес барлық ұстаздарда бар екенін білемін, бірақ менің өзімнің ішкі дүнием шәкірттеріме деген сүйіспеншілігімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Оқушыларым өзіме деген ынта – ықылас, сенім артып, жауапкершілікпен іс тапсырса аса құлшыныспен еңбегіңді еселей түсуге ұмтыласың. Азды – көпті еңбегің бағаланып жатса, кәсіби шеберлігің мен ұстаздық қызметіңе ерекше назар аударса әрине жұмысқа деген құлшынысың ойанады.
Мұғалім - өз пәнін оқытудың әдістерін жеке игерген, шығармашылық еңбек ететін, педагогикалық шеберлігін үнемі жетілдіретін маман. Мұғалім – үздіксіз ізденуші. Кез – келген тосын сұраққа жауап беріп, кез – келген жағдаяттан шыға алатын білімдар жан. Мен өз мамандығымды сүйемін. Әрбір ашық сабақ өткізген сайын күні бүгінге дейін өзімді жаңа ғана ұстаз болып келіп, жаңа сабақ өткізіп тұрғандай сезінемін. Мен үшін әрбір сабақ – үлкен жауапкершілік, үлкен аброй. Әрбір адам алған асуларын ұстаз еңбегінің жемісі, нәтижесі деп түсінулері керек деп ойлаймын. Осы тоғыз жылдың ішінде сан қилы асулардан өтіп, биік белестерге жетуге ұмтылдым. Бүгінгі ұрпақ – бақытты ұрпақ. Себебі, технологияның дамыған кезеңінде өмір сүріп жатқан шәкірттерімізге алаңсыз білім алуға жан – жақты жағдай жасалған. Мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталаған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, ол үнемі оқушылармен қарым - қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала тағдырына басшылық етуді мойынына алған адам.